Дене шынықтыру сабағын ҰБТ пәндерінің қатарына, жоғары оқу орындарында мемлекеттік емтиханға енгізу қажет - депутат Ж. Әлиев
АСТАНА. 5 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің басшылығымен өткен жалпы отырысында депутат Жұматай Әлиев Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады.
Онда депутат дене шынықтыру сабақтарының сағатын көбейте отырып, оны Ұлттық бірыңғай тестілеу пәндерінің қатарына, жоғары оқу орындарында мемлекеттік емтиханға енгізу қажеттігін көтерді.
«Қазақстанның көк байрағын жеті рет көкке көтерген Лондандағы жетістіктеріміз, бұқаралық спортты жаңа заманға сәйкес жаңартудың жолын көрсетіп отыр. Спортты дамыта отырып көптеген әлеуметтік проблемаларды шешуге болады. Атап айтқанда, орташа өмір сүру ұзақтығын ұлғайту, аурулардың алдын алу, ал ең бастысы, дене шынықтыру мен спортты дамыту - бұл ұлттың болашағы», - деген депутат дене шынықтыру мен спорт саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың тиімділігін арттыру мақсатында бірқатар ұсыныстар жасады.
Атап айтқанда, Ж. Әлиев 2013 жылдан бастап мемлекеттік бюджеттен олимпиада ойындарының барлық түрлерінен спортшыларды даярлау үшін «Олимпиадалық даярлық орталықтарына» жыл сайын жеткілікті қаржы бөлуді, дене шынықтыру сабақтарының сағатын көбейте отырып, оны Бірыңғай ұлттық тестілеу пәндерінің қатарына, жоғары оқу орындарында мемлекеттік емтиханға енгізу қажеттігін алға тартты. «Барлық аймақтарда (аудандық, қалалық деңгейде) әсіресе ауылдық жерлерде жеке спорт басқармаларын құру ұсынылады. Ауылдық жерлерде жыл бойы жұмыс істейтін спорт ғимараттарын, сапалы құрал-жабдықтармен қамтылған дене шынықтыру кешендерін салуымыз керек. Спорт инфрақұрылымының шығысына бөлінетін қаржыны көбейтіп, «100 мектеп» пен «100 аурухана» бағдарламасы секілді 100 дене шынықтыру кешендерін салуды қолға алсақ игі», - деді ол.