Дене шынықтыру-сауықтыру нысандары ел халқының қажеттілігінің тек 30 пайызын ғана қанағаттандырады

АСТАНА. Сәуірдің 19-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Дене шынықтыру-сауықтыру нысандары еліміз халқының қажеттілігінің тек 30 пайызын ғана қанағаттандырады.

Дене шынықтыру-сауықтыру нысандары ел халқының қажеттілігінің тек 30 пайызын ғана қанағаттандырады

Бұл туралы бүгін Астанада бұқаралық дене шынықтыру мен спорт мәселелеріне арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұқаралық спортты дамыту бойынша мақсатты шешу үшін әр ауылдық жерлерді және қаланы жасанды жабыны бар спорттық нысандармен қамтамасыз етіп, сондай-ақ әр аудан орталығында, ірі елді мекендерде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері құрылысын жалғастыру қажет»,- деді Е. Қанағатов.

Бүгінде елімізде спорттық нысандардың, қажетті жабдықтардық жетіспеушілігі байқалып отырғанын жеткізген ол, бұл нысандардың көпшілігі пайдаланудың техникалық ережесіне, халықаралық регламент талаптарына, оның ішінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларына сәйкес келмейтінін жеткізді. Осы орайда комитет басшысы ауылдық жерлердегі дене-шынықтыру нысандарының желісі жетіспейтінін және жабдықтармен дұрыс қамтылмағанын ескеріп өтті.