Денис Евсеев Португалиядағы жарыстың финалынан тыс қалды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 177-ракеткасы Денис Евсеев Оэйраш (Португалия) челленджер турнирінің финалына шыға алмады.
Отандасымыз жартылай финалда дүниежүзілік рейтингіде 200-орында тұрған швециялық Элиас Имермен шеберлік байқасты.
Бір сағат 18 минутқа созылған кездесуде Э.Имер 7:5, 6:3 есебімен жеңіске жетіп, финалға өтті.
Тағы бір қазақстандық теннисші әлемнің 60-ракеткасы Александр Шевченко Бордо (Франция) челленджер жарысының ширек финалына шыға алмады. Доданың 3-ракеткасы болып тіркелген ол екінші айналымға бірден өткенімен, рейтингіде 123-сатыдағы франциялық Джованни Мпеши-Перрикардан тартысты матчта жеңіліс тапты – 6:7 (2:7), 6:3, 3:6. Бұл бәсеке 1 сағат 54 минутқа созылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Денис Евсеевтің Португалияда Бейбіт Жұқаевты жеңіп, жартылай финалға өткенін жазған болатынбыз. Сондай-ақ Александр Недовесов Италиядағы турнирдің ширек финалына шықты.