Денис Тен алматылық жастарға мәнерлеп сырғанауды үйретеді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Белгілі фигурист Денис Тен Алматыда жас спортшыларға арнап шеберлік сағатын өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Спортшы өзінің тәжірибесімен 28 қазан күні 12:00-13:00 арасында Розыбакиев көшесінде орналасқан Мега сауда орталығында бөліседі.
Бұл спорттық шараны Алматы әкімдігі мен «Жас Отан» жастар қанатының қолдауымен Қазақстан мәнерлеп сырғанау федерациясы өткізіп жатыр.
2017 жылғы Универсиада жеңімпазы, көптеген халықаралық жарыстарда топ жарған Денис Тен бұрын да Алматыда бірнеше рет шеберлік сағаттарын өткізген болатын.
Олардың бірі 2015 жылы Денис Теннің мұз айдыны шоуында әлемнің бірнеше чемпиондары мен мәнерлеп сырғанаушылары келіп оқушыларға дәріс берген болатын.