Денис Тен Астанаға мәнерлеп сырғанаудан әлемдік жұлдыздарды шақыруда

Шоу Астана қаласы әкімдігі мен қалалық Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының қолдауымен «Алау» мұз айдыны сарайында ұйымдастырылады, деп хабарлады Мұз айдыны сарайының баспасөз қызметінен.
«Бұл шоуға мәнерлеп сырғанауды құрметтеушілер үшін әлемдік дәрежедегі спортшылар шақырылған. Оның ішінде қазіргі жұлдыздар да бар», - дейді Денис Тен. Жобаға өзінің қатысатындығын қазірдің өзінде әлемдік жұлдыздар: Стефан Ламбьель, Брайан Жубер, Ирина Слуцкая, Каролина Костнер растады.
Елімізге конькимен мәнерлеп сырғанушы әлем үздіктерін шақыру Денис Теннің көптен бергі арманы болатын. Әлем чемпионатындағы керемет өнер көрсетуі осы арманын жүзеге асыруды ақиқатқа айналдырды.
«Бұл біздің еліміз үшін сыйлық болады», - деп тоқталған Денис Тен:«Шоудың мақсаты - адамдарды мәнерлеп сырғанауға тарту. Таяу болашақта біздің елімізден де жаңа жұлдыздар шығып жатса, мемлекеттің мәртебесі емес пе?», - деді.
Аstana.kz сайтының жазуынша, Көрермендер мәнерлеп сырғанаушылардың бағдарламасынан классикалық туындылармен қатар, жоба үшін қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен әзірленген жеке нөмірлерді де көре алады. Жобаның жекелеген бөлімінде - мәнерлеп сырғанаушылардың мұз үстіндегі экстрим орындаулары көрсетіледі.