09:38, 16 Наурыз 2013 | GMT +5
Денис Тен мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері болды
АСТАНА. 16 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақстандық Денис Тен Канадада мәнерлеп сырғанаудан өткен әлем чемпионатында күміс медаль иеленді.

Vesti.kz сайтының хабарлауынша, 19 жастағы Д.Тен еркін бағдарламаның нәтижесінде 174,92 ұпай жинап, бірінші орын алды. Ал қысқа және еркін бағдарламалардың жиынтық ұпайы - 266,48 болып, нәтижесінде «күміске» ие болды.
Теннің алдын ораған әлемнің үш дүркін чемпионы канадалық Патрик Чан болды, жиынтық ұпайы - 267,78. Үшінші нәтижені испандық мәнерлеп сырғанаушы Хавьер Фернандес көрсетті - 249,06 ұпай.
Тағы бір қазақстандық спортшы Абзал Рақымғалиев қысқа бағдарламада 59,14 балл жинап, 28-інші орынды місе тұтты. Бұл оған жарысты жалғастыруға мүмкіндік бермеді.
Айта кетейік, 2012 жылы өткен әлем чемпионатында Д.Тен жетінші болды. Ал 2013 жылдың ақпанында өткен Төрт құрлықтың чемпионатында тек 12-інші нәтижені көрсете алды.