Денис Тен мұздағы шоуға билет жетпеген алматылықтарды Астанаға шақырды

БАҚ өкілдерімен кездесу барысында ол өзінің достарын - мұз шоуына қатысушылар мен қонақтарды таныстырып өтті. Олар өз спорттық ғұмырларында кездескен еріксіз езу тарттырар түрлі оқиғаларды, сондай-ақ қиын сәттерде бір-біріне қалай қолдау көрсеткендерін әңгімелеп берді.
Алматы қаласында 24 мамыр күні Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында өтетін «Денис Тен және оның достары» мұзды шоуына олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, әлемнің екі дүркін чемпионы Стефан Ламбьель, Әлем чемпионы және үш дүркін Еуропа чемпионы Бриан Жубер, Еуропа чемпионы Томаш Вернер, бірнеше дүркін әлем чемпионы Ирина Слуцкая және т.б. қатысатынын естеріңізге сала кетейік. «Жиналған құрамамыз мықты, мен шоу өте қызықты әрі ерекше болып өтеді деп ойлаймын», - деді Д. Тен.
Алматыда билеттің жетпей қалғандығына ол: «Мен мұз шоуының бізде осыншалықты танымал екендігіне қуаныштымын. Алматыдағы шоуға билеттің таусылып қалғанына мен қуанамын әрі қайғырамын. Маған әлі күнге шейін шоуды қалай көрсек болады деген сұрақтармен хаттар жазылуда. Мен бұл шоуды халықтың көпшілігі көреді деп үміттенемін. Әзірге билеттер бар кезде, Астанаға асығыңыздар», - деп жауап берді.