Денис Тен өлімі: Сотталушылар соңғы сөзін айтты
ҚР ҚК 188-бабының 1-бөлімі, 434-бабымен айыпталған Жанар Толыбаева жарыссөз барысында көзіне жас алды.
«Мен бұл кісілердің қайғысын түсінемін. Бұл - бүкіл Қазақстанның қайғысы. Мен тағы кешірім сұраймын. Менің ішімдегі, əрі үйдегі баламның көз жасын ескерсеңіздер. Əділетті шешім қабылдауыңызды сұраймын»,- деді Жанар Толыбаева.
Өз кезегінде Нұралы Қиясов екі ауыз ғана сөз айтты.
«Болған оқиғаға өкінемін. Бізді кешіру мүмкін емес. Сонда да кешірім сұраймын. Менің де ата-анам бар. Олар да мені жақсы тəрбиеледі. Бірақ мен қателіктерімді өзім түзеуім керек. Біз Денисті өлтіреміз деген ойымыз болған жоқ. Əділ шешім шығаруыңызды сұраймын»,- деді Нұралы Қиясов.
«Мен кешірім сұраймын. Қатты өкінемін. Мен бұлай болғанын қаламаған едім. Мен анасының жүрегіндегі қайғыны жақсы түсініп тұрмын. Ол кісі осындай адамды тəрбиелеу үшін барын салды. Біз Денис Теннен айрылып қалғанымызға өкінемін. Денис Қазақстанның жауһары еді»,- деді А.Құдайбергенов.
Айта кету керек, ертең кешкі 17:00-де сот үкімі оқылатын болды.
Еске салсақ, Денис Тенді биыл 19 шілдеде Алматы қаласында белгісіз біреулер пышақтап кеткен еді. Ауыр халде ауруханаға жеткізілген спортшы көз жұмды.
Денис Теннің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер іздестірілді. Елбасы Денис Тенге қатысты қылмысты мұқият тексеруді тапсырды. Кейін ҚР ІІМ күдіктілердің ұсталғанын жария етті. Ал, қыркүйек айының соңында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов аталмыш қылмыстық істің тергелуіне қатысты мәлімет берген болатын. 25-желтоқсанда Алматы қылмыстық істер бойынша ауданаралық мамандандырылған сотында белгілі спортшының өлімі бойынша алдын ала сот тыңдалымы өтті.
Соттың соңғы отырысында сотталушы Нұралы Қиясов өз кінəсін ішінара мойындаған болатын.