Денис Тен: Олимпиада-2022 Қазақстанды барша әлемге әйгілейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2022 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары Алматы қаласында өтетін болса, Қазақстан барша әлемге танымал болады, деп есептейді отандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен.

Денис Тен: Олимпиада-2022 Қазақстанды барша әлемге әйгілейді

«Олимпиада ойындары - ешбір турнирмен салыстыруға келмейтін аламан турнир. Бұл дода барша халықтарды, әлемнің барлық ұлттарын бір спорттық отбасыға біріктіре алатын сиқырға ие. Олимпиада ойындары спортпен шұғылдануға күш береді. Көбі «біздің елде егер қысқы спортшылар аз болса, Қысқы олимпиаданы өткізудің не керегі бар?» деп айтып жатыр. Бірақ бізде Қысқы олимпиада өтетін болса, қысқы спорт түрлерінен де даңқты спортшылар шығады емес пе?! 2008 жылға дейін Қытайды спорттық держава деп кім атаған?! 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасынан кейін Қытайдың мәртебесі қандай?! Меніңше, Олимпиада ойындары - мемлекеттің спорттық жетістіктеріне әсер ететін керемет құбылыс», - деп атап өтті спортшы.

Оның ойынша, Азия ойындарын немесе Универсиаданы Олимпиадамен салыстыруға келмейді. Олимпиада Ойындарының деңгейі әлдеқайда жоғары.

«Егер Олимпиада бізде өтетін болса, барша әлемнің назарын өзімізге қаратамыз. Біз Ресеймен шектес ел болғандықтан, Сочи қаласын білеміз. Бірақ шетелдіктер Сочи қаласын тіпті білмейтін еді. 2014 жылы Қысқы Олимпиада ойындарынан соң, Сочи Ресейдің ең танымал қалаларының бірі атанды. Сол жағдай Қазақстанмен де орын алады. Бұл кез келген түйткілді шешуге үлкен серпін береді», - дейді Денис.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушының айтуынша, одан сұхбат алу үшін «New York Times» газетінің тілшісі келген. Ол сұхбат 2022 жылғы Олимпиаданы Алматыда өткізу мүмкіндігі сөз болмақ.