Денис Теннің атасы Оралда оқыған (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Мәнерлеп сырғанаудан ел намысын абыроймен қорғап жүрген Сочи олимпиадасы мен биылғы әлем чемпионатының қола және 2013 жылғы дүние жүзі біріншілігінің күміс жүлдегері Денис Теннің атасы қазіргі М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде оқыған. Бұл туралы Д.Теннің Елбасының қатысуымен өткен «Жастар қуатты Қазақстан үшін!» республикалық форумына келген кезінде белгілі болды.
None
None

Бұл оқиғамен спортшы өзінің Инстаграм бетінде оқырмандармен қуана бөліскен. «Әлем чемпионаты Шанхайда болып жатқан кезде маған елден хабарласып, Оралда өтетін форумға шақырды. Менің Оралға баратынымды білген әжем отбасы шежіресінен қызықты деректің бетін ашты. Сөйтсем, атам Оралдағы атақты М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген екен. Атамды өзім көрген жоқпын. Бірақ білетіндердің айтуынша, мен оған өте ұқсас екенмін. Сыртқы түрім де, қимыл-қозғалыс, ойымды жеткізуім де, тіпті қолтаңбам да атама келеді екен. Елбасымен кездесу әрқашан шабыттандырады. Сонымен бірге университетте болуым да ерекше әсер қалдырды. Атам жүрген жерлерде, ол оқыған дәрісханада болу қандай бақыт! Маған оның осында оқығаны жөніндегі құжаттарды, анықтама, жеке қағаздарын көрсетті. Нағыз тарихи деректер. Оралдықтарға мені осылайша қонақжайлылықпен қарсы алып, жылылық сыйлағаны үшін алғысымды айтып, қаланың одан әрі жайнап, гүлдене беруін тілеймін», деп жазады Д.Тен.

«Елбасының қатысуымен өтетін мұндай жиындардың біз секілді жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде маңызы зор. Ұлт көшбасшысының қажырлы еңбегі арқасында Қазақстан жиырма жылдан асатын уақыт ішінде барлық салада аса үлкен табыстарға қол жеткізді. Соның ішінде спорт саласы, әсіресе, өзім айналысатын мәнерлеп сырғанаудың қарышты дамығанын жақсы білемін. Қазақстандық спортшылардың жеткен биіктері аз емес. Өзім Оралға Қытайдағы әлем чемпионатынан қола жүлдемен келдім. Елбасы бізге сенеді, сондықтан алдағы уақытта да олжа саларымыз анық», деген болатын форумнан кейін спортшы. Ол Оралға Шанхайдан тіке ұшып келген еді.

Айта кетейік, Д.Теннің атасы білім алған батысқазақстандық университет - республикадағы екінші байырғы оқу орны. 1932 жылы ашылған М.Покровский атындағы екінші қазақ педагогикалық институты 1937 жылдан бастап А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институты болып өзгерді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 1996 жылы Батыс Қазақстан гуманитарлық, 2000 жылдан мемлекеттік университеті болып аталды. 2004 жылы университетке қазақтың ұлы ақыны әрі батыры Махамбеттің есімі берілді.

Соңғы жаңалықтар