Денсаулық сақтау мекемелері JCI стандартына сай болуға ұмтылуы керек – Премьер-Министр
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде тек 9 медициналық ұйым ғана JCI халықаралық стандартына сәйкес келеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.

«Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп тұжырымдама іс-шараларын іске асыруға кірісуі қажет. Денсаулық сақтау нысандарын жоспарлау, жобалау, салу және оларға қызмет көрсету кезінде халықаралық нормаларға сәйкес бірыңғай кешенді тәсілді қамтамасыз ету керек», - деді Үкімет басшысы.
Бұл ретте Премьер-Министр демографиялық көрсеткіштер, сырқаттанушылық деңгейі мен ерекшелігі ескерілуі тиістігін, белгіленген барлық стандарт нақты сақталуы қажеттігін баса айтты.
«Менің білуімше, JCI (Joint Commission International) халықаралық стандартына Қазақстанда тек 9 медицина ұйымы сәйкес келеді. Олардың қатарында Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы, Ана мен бала ұлттық орталығы және басқалары бар. Осы стандарттар бойынша аккредиттелу денсаулық сақтау сапасының «жоғары деңгейін» көрсетеді. Барлық денсаулық сақтау мекемелері осындай деңгейге ұмтылуы керек. Сондықтан негізгі ныснадарды жобалау кезеңінен бастап JCI халықаралық стандартының талаптары ескеріліп көзделуі тиіс», - деді ол.
Олжас Бектенов денсаулық сақтаудың жаңа және реконструкцияланатын барлық жобасына тұрақты мониторинг жасауды жолға қойып, оның ішінде цифрландыру арқылы іске асыру керектігін атап өтті.
«Инфрақұрылымды әдіснамалық сүйемелдеу жөніндегі міндет «Turar Healthcare» ұлттық операторына жүктеледі. Бұған дейін Ауылдық денсаулық сақтау ұлттық жобасын үйлестіру мен мониторингтеу жүктелген болатын. Сондықтан министрлікке жергілікті жерлерде құрылыс барысын бақылау үшін ресурстық әлеуетті қамтамасыз ете отыра, оператордың рөлін күшейтуді тапсырамын», - деді Премьер-Министр.