Денсаулық сақтау министрі коронавирус туралы: дайындықсыз отыра алмаймыз
АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сұрағына берген жауабында елдегі эпидемиологиялық ахуал туралы пікір білдірді.
«Медициналық орталықтар мен клиникалардың коронавирустың жаңа толқынына дайындалып жатқаны рас па?» - деп сұрады журналист.
Министр жыл басынан бері бұл инфекциядан адам өлімі тіркелмегенін айтты.
«Коронавирус инфекциясымен байланысты бүгінгі ахуал туралы айтсақ, ұлттық орталықтың болжамдары былтырғымен салыстырғанда нашарлау болмайтынын айтып отыр. Бүгінгі сағат 9.00-дегі мәлімет бойынша, тоғыз адам коронавирус инфекциясымен ауруханаға жатқызылды. Жыл басынан бері қайғылы жайтпен аяқталған бір де жағдай тіркелген жоқ», - деді ол.
Дегенмен, министр арқаны кеңге салуға болмайтынын айтты.
«Иә, ауырғандар тіркеліп жатыр. Бірақ жалпы жағдай қалыпты норманың шамасында. Бірақ, дайындықсыз отыра алмаймыз. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі өз тарапынан, Бас санитар дәрігер тиісті шаралар қабылдады. Біз медицина ұйымдарының қызметкерлерінің арасында күшейтілген маска режимін енгіздік. Өйткені бірінші кезекте медициналық қызметкерлердің өзін қорғауымыз керек», - деді Ақмарал Әлназарова.