Денсаулық сақтау министрі жүкті әйелдер мен балаларға қатысты тапсырма берді

АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жүкті әйелдерге, жаңа туған нәрестелерге және бес жасқа дейінгі балаларға медициналық бақылау мен көмек көрсетуді күшейтуді тапсырды.

Денсаулық сақтау министрі жүкті әйелдер мен балаларға қатысты тапсырма берді
Фото: Pixabay.com

Тиісті тапсырмалар Денсаулық сақтау министрлігінде өңірлік денсаулық сақтау басқармалары мен республикалық медициналық орталықтар басшыларының қатысуымен өткен аппараттық кеңесте берілді. Бұл шаралар 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде көзделген.

Бұл қауіп тобына жататын жүкті әйелдерді жеке бақылау, босандыру ұйымдарының дайындығын қамтамасыз ету және балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету сапасын бақылауды күшейту міндеттерін қамтиды.

Денсаулық сақтау министрі жүкті әйелдер мен балаларға қатысты тапсырма берді
Фото: ДСМ

 -Әрбір жүкті әйел, әсіресе жоғары қауіп тобына жататын әйел тұрақты медициналық бақылауда болуы тиіс. Жүктілікті қадағалап-қараудың жеке жоспарын алдын ала айқындап, босандыру бағытын белгілеп, жауапты мамандарды бекіту қажет, – деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.

Министр жүкті әйелдерді уақтылы емдеуге жатқызуға және стационарлардың шұғыл акушерлік-гинекологиялық көмек көрсетуге, оның ішінде демалыс және мереке күндері дайын болуына ерекше назар аударды.

Өңірлік денсаулық сақтау басқармаларына жүкті әйелдерді емдеуге жатқызудан негізсіз бас тарту жағдайларына жол бермеу және медициналық бақылаудың үздіксіздігін қамтамасыз ету тапсырылды.

- Жүкті әйел медициналық ұйымға жүгінген кезде қажетті мамандарды тарта отырып, медициналық көмек сол жерде ұйымдастырылуы тиіс. Аурухананы әйелдің өзі іздемеуі керек, керісінше, денсаулық сақтау жүйесі оған уақтылы көмек көрсетуді қамтамасыз етуі қажет, – деді министр.

Бес жасқа дейінгі балаларға жедел медициналық көмек көрсету мәселесіне де ерекше назар аударылды. Жедел жәрдем шақырылған кезде баланың жағдайын толық бағалау қажет. Көрсетілімдер болған жағдайда баланы қосымша тексеру және емдеуге жатқызу мәселесін шешу үшін стационарға жеткізу керек.

Министр жедел медициналық жәрдем қызметінің тиісті жұмыс алгоритмдерін қайта қарауды, медицина қызметкерлерінің даярлығын күшейтуді және балалардың жағдайының ауырлығын дұрыс бағаламау жағдайларын болдырмауды тапсырды.

Сонымен қатар перинаталдық орталықтардағы инфекциялық бақылау күшейтіліп, пациенттерді медициналық ұйымдардың арасында бағыттау тәртібі жетілдіріледі және жоғары қауіп тобындағы жүкті әйелдерге жедел медициналық бақылау ұйымдастырылады.

Республикалық ғылыми орталықтарға өңірлерге практикалық қолдау көрсетуді күшейту, жас акушер-гинекологтар, неонатологтар мен балалар мамандарына тәлімгерлік жүйесін дамыту тапсырылды. Екі апта ішінде орталықтар медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жөнінде ұсыныстар ұсынуы тиіс.

Стационардан шыққаннан кейін ана мен балаға медициналық көмек көрсету мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Министрлік патронаждық барулардың сапасын және перзентханалар мен емханалар арасындағы медициналық бақылаудың сабақтастығын қамтамасыз етуге бақылауды күшейтеді.

2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы шеңберінде профилактикалық көмекті кеңейтуге, медициналық инфрақұрылымды дамытуға және балаларға көрсетілетін мамандандырылған көмектің сапасын арттыруға бағытталған 30 іс-шараны іске асыру көзделген.

Айта кетелік медицина саласында шағым 44% көбейгені туралы жазған едік.