Денсаулық саласындағы деректі жинау және сақтау жүйесі жетілдірілмек

АСТАНА. Kazinform – ҚР ДСМ денсаулық сақтау саласындағы медициналық және әкімшілік деректерді жинауды жетілдіруге және қамтамасыз етуге бағытталған бұйрық жобасын жариялады. Жоба Ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырылды.

медкітапша
Фото: freepik.com

Құжатқа сай «Цифрлық денсаулық сақтау субъектілерінің дербес медициналық деректерді жинауды, өңдеуді, сақтауды, қорғауды және беруді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 14 сәуірдегі № ҚР ДСМ-30 бұйрығына толықтырулар енгізу көзделген.

Түсіндірмеде көрсетілгендей, осы бұйрықты қабылдау Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын реттейтін нормативтік-құқықтық актілердің сақталуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ белгіленген нормалар мен талаптарға сәйкес медициналық деректерді есепке алу процестерін жүйелендіруге және стандарттауға мүмкіндік береді. 

Ол ҚР Үкіметі мен «ДжиИ Хэлскеа» ЖШҚ арасындағы «Қазақстан Республикасының аумағында GE HealthCare жоғары технологиялы диагностикалық медициналық жабдығының жаңа өндірісін ұйымдастыру, GE HealthCare жабдығына сервистік қызмет көрсету салаларындағы ынтымақтастықты дамыту, медицина жұмыскерлерін GE HealthCare жабдығын пайдалануға оқыту және Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау жүйесінің цифрлық инфрақұрылымын жаңғырту бойынша инвестициялық жобаны іске асыру жөніндегі базалық қағидаттар туралы негіздемелік келісімге қол қою туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 19 қыркүйектегі № 811 қаулысына сәйкес әзірленді.

Жоба пациенттердің ауру жағдайларын тиімді есепке алу, медициналық көмекті қолдауды қамтамасыз ету, медициналық көмек көрсету процестерін оңтайландыру, сондай-ақ басқа ұйымдармен әкімшілік өзара іс-қимыл жасау үшін қажетті денсаулық сақтау саласындағы медициналық және әкімшілік деректердің тізбесін ақпараттық жүйелерде жинау және өңдеу жүйесін жетілдіру мақсатында дайындалды.

Бұйрық жобасын іске асыру республикалық бюджеттен қаражат бөлуді көздемейді. Оған енгізілгелі отырған өзгерістермен мына сілтеме арқылы танысуға болады.

Соңғы жаңалықтар