ДЕНСАУЛЫҚ: «Ақылды телефон» жасөспірімдердің мінезін бұзады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Швейцариядағы Базель Университеті ғалымдары 300-ге тарта жасөспірімді қатыстыра отырып, қазіргі замандағы ақылды ұялы телефондардың денсаулыққа әсерін анықтау үшін арнайы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижесі бойынша, смартфондар бозбала мен бойжеткенді күйзеліске шалдықтыратыны анықталды, деп жазады шетелдік БАҚ.
Зерттеушілердің айтуынша, смартфон иелері түнде интернетте ұзақ отырып, ұйқысыздыққа дағдыланып кетеді. Сонымен қатар, қарапайым телефоны барларға қарағанда смартфон иелері екі есе артық телефонын «шұқылайды». Ғалымдардың айтуынша, зерттеу уақытында жастардың дені смартфон арқылы түнде видеоларды жиі қарап, онлайнда көп отырып қалады. Қорыта келгенде зерттеушілер түнде смартфон пайданаланушылардың ұйқысы бұзылып, күйзеліске душар болатынын ескертеді. Ұйқының бұзылуы адамның мінезіне де әсер ететіні белгілі. Сондықтан, ғалымдар жасөспірімдердің қолындағы ұялы телефонды ата-анасы кеңес бере отырып, ұйықтар алдында екі сағат бұрын сөндіріп тастауға шақырады.