«Денсаулық» медициналық пойызы «Қазақстанның жыл таңдауы - №1» Ұлттық сыйлығы аталымы бойынша жеңімпаз атанды
АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат - «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі бірлесіп жасақтаған «Денсаулық» емдеу-сауықтыруға арналған медициналық пойызы Қазақстан Республикасы жұртшылығы арасында жүргізілген әлеуметтік сұрау салу нәтижесінде өз аталымы бойынша үздік деп танылды.
Жергілікті тұрғындардың пікірімен санаса келіп және өздерінің де сараптау қорытындысын жариялаған әділқазылар мүшелері бір тоқтамға келді, деп хабарлады ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі.
«Қазақстанның жыл таңдауы - №1» Ұлттық сыйлығымен марапаттау дәстүрлі шарасы Алматыда өткізілді. Жеңімпазға құрметті медалімен статуэтка «ҚТЖ» ҰК» АҚ Персоналды басқару және әлеуметтік мәселелер жөніндегі вице-президенті Асхат Акчуринге табыс етілді.
Биылғы жылдың жазы мен күзінде «Денсаулық» пойызы екі мәрте республиканың шалғай станциялары мен жол айырығында тұратын, емдеу сауықтыру шараларынан тыс қалған теміржолшыларға медициналық көмек көрсету мақсатында ұзақ мерзімді сапарда болып қайтты.
Бастапқы бағдарда Қарағанды, Защита, Семей, Павлодар жол бөлімшелерінің 34 стансысын қамтыды. Сапар барысында 13979 адам дәрігерге қаралса, 284 тұрғынға оташылық қызметі көрсетілді. Екінші бағдарында Ақмола, Қостанай жол бөлімшелерінің 23 стансын қамтып, 9304 адамды қарады. 157 адамға оташылық қызмет көрсетті. «Денсаулық» пойызы екі мәрте сапарында республика орталықтарынан шалғай орналасқан 57 стансының тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетті.
Алматы вагон жөндеу зауытында қайта жабдықталған пойыз вагондары облыстық деңгейдегі емханалармен сәйкес келетіндей дәрежедегі медициналық құралдармен қамтылған болатын.
Таяу арада «Жәрдем» емдеу-сауықтыру поезы Оңтүстік және Батыс өңірге қарай сапарға шығуға дайындалуда.
Қазіргі кезде «Денсаулық» поезы техникалық сараптаудан өткізіліп, қысқы маусымға сәйкес жабдықталуда.