«Денсаулық» пойызы Атырау тұрғындарына медициналық көмек көрсетуде
АТЫРАУ. ҚазАқпарат «Денсаулық» пойызының дәрігерлері Атырау облысының Мақат ауданының тұрғындарына медициналық көмек көрсетіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кеше «Денсаулық» пойызы Атырау облысының Мақат ауданына келіп жетті. Пойыз жұмысының ресми ашылу салтанатына Атырау облысы ТЖ департаменті бастығының орынбасары полковник Замир Бердашев қатысып, өз сөзінде «Денсаулық» пойызының ұжымына сәттілік тіледі.
«Кәсіби дәрігерлер тұрғындарға таңертеңнен бастап медициналық қызметтер көрсетті. Пойызда терапевт, невропатолог, офтальмолог, оториноларинголог, гинеколог, хирург, уролог, УДЗ дәрігері, бала дәрігері, эндоскопист, рентгенолог, кардиолог, стоматологтар медициналық қызмет көрсетеді. Барлығы да бірінші және жоғары санатты, тәжірибесі мол дәрігерлер» деп хабарлады Атырау облыстық ТЖД мемлекеттік тіл және ақпарат тобынан.
Айта кету керек, «Дөңгелекті емхана» жұмысы атыраулықтардың арасында үлкен сұранысқа ие. Әр стансада тұрғындар көптеп жиналады. Облыс орталығынан және еліміздің Алматы, Астана, Қызылорда, Ақтөбе қалаларынан келген жоғары білікті мамандар тегін медициналық көмек көрсететінін естіген тұрғындар ең шалғай аудандардан осында жетті. Барлығы да өздерінің денсаулық жағдайын тексертуге асық. Көбі балаларын алып келген.
Пойыз келгелі 141 адам, оның ішінде 11 бала медициналық тексерістен өтті. Емделушілерге тиісті алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіліп, кәсіби кеңестер берілді. Жақын маңдағы медициналық орталықтарға ем қабылдауға жолдама ұсынылды. Тұрғындар «Денсаулық» пойызының дәрігерлеріне алғыс айтып, осындай қайырымдылық акцияларын жиі өткізіп тұру кеерктігін атап өтті.
Пойыз жоспарланған бағыт бойынша жүреді. Алда Доссор, Томан, Аққыстау, Нарын, Исатай, Афанасьево, Ганюшкино, Жамансор, Мұқыр стансалары. Соңғы аялдама - Сағыз стансасы.