«Денсаулық» пойызы елдің оңтүстік өңірлеріндегі сауықтыру миссиясын аяқтады

АСТАНА. 25 мамыр. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Өткен жексенбіде Алматы-2 вокзалына арнайы мамандандырылған «Денсаулық» пойызы сапарынан оралды.

«Денсаулық» пойызы елдің оңтүстік өңірлеріндегі сауықтыру миссиясын аяқтады

Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» компаниясынан хабарлады.

Пойыз Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде сауықтыру миссиясын орындап қайтты. Сөйтіп, биылғы жылғы жобаның алғашқы кезеңін аяқтап, екінші сапарға дайындыққа кірісті.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі бірлесіп шығарған пойыз үстіміздегі жылдың 17 қаңтары мен 22 мамыры аралығында үлкенді-кішілі 56 станса мен разъезде болды. Осы уақыт аралығында «дөңгелек үстіндегі емханаға» 24 мыңнан астам адам қаралды.

Пойыздың медициналық бригадасы «соңғы науқасқа дейін» қағидаты бойынша жұмыс істеді. Білікті дәрігерлер 173 кішігірім хирургиялық ота, 50 мыңға жуық зертханалық зерттеу жасады. Көмек сұрап келген әр адам орташа алғанда 6-7 дәрігердің қабылдауында болды.

Алматы-2 стансасында «Денсаулық» пойызын «Апаттар медицинасының теміржол госпитальдары» АҚ филиалы - «Алматы-1 темір жол ауруханасының» директоры Мұрат Қуатов қарсы алды.
Сауықтыру кешенінің бас дәрігері Омаржан Махмұтов, «Денсаулық» пойызының медиктері көшпелі жағдайларда жоғары профессионалдық деңгейде еңбек еткенін атап өтті.

Медицина мамандарымен бірге өздерінің қызметтік міндеттерін пойыздың қозғалысын алдын ала жоспарланған кесте бойынша қамтамасыз еткен теміржолшылар абыроймен орындап шықты. Барлық жол бойында пойыз сумен және электр қуатымен қамтамасыз етіліп, медицина мамандарының тұруына қажетті жағдайлар жасалып отырды. Мұнда «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Оңтүстік» филиалы пойыз бригадасының еңбегі зор.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауында көліктік медицинаның маңыздылығын ерекше атап өткен болатын. Теміржолшылар мен төтенше жағдайлар министрлігі Елбасының мемлекеттің басты байлығы - адамның денсаулығын нығайту, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтау, әрбір қазақстандықты қолжетімді дәрігерлік қызметпен қамту, ұлт денсаулығын нығайту тапсырмаларын абыроймен орындап келеді.