«Денсаулық» пойызының Лепсі стансасында жұмыс істемей тұрғаны шындыққа жанаспайды - А. Балтанова

Оның айтуынша, «Денсаулық» медициналық пойызы Лепсі кентінде бір күннің ішінде 172 адамды қабылдаған.
«Денсаулық» пойызында норма бойынша күніне таңғы сағат 09:00-ден кешкі сағат 18:00-ге дейін 50-60 адам қабылданады. Ал, Лепсі кентінде «Денсаулық» пойызының дәрігерлері бір күнде 172 адам қабылдаған. Одан кейін, Матай стансасына барған. Ол жерде бірінші күні - 250 адам, ал екінші күні - 180 адам медициналық тексеруден өткен. «Денсаулық» пойызы бас дәрігерінің айтуынша, пойыз қазір Егіндісай стансасында тұр. Түске дейін-ақ, дәрігерлер - 70-тен астам жергілікті тұрғынды қабылдап, оларға медициналық көмек көрсетті. Тұрғындар арасынан бір адамның қатерлі ісікке шалдыққаны анықталды. Ол өзінің осы ауруға шалдыққанын тіпті білмеген. Қазір, оған емделуге жолдама берілді. Ал бір интернет пайдаланушының Инстаграм әлеуметтік желісінде «Денсаулық» пойызының Лепсі стансасында жұмыс істемей тұрғаны жайлы мәлімдемесі шындыққа жанаспайды», - деді А. Балтанова.
Айта кетелік, осыдан бірнеше күн бұрын Эли Алиева есімді волонтер Инстаграм әлеуметтік желісіндегі өзінің жеке парақшасында Лепсі кенті маңында тұрған «Денсаулық» пойызы қызметкерлерінің жергілікті тұрғындарға медициналық қызмет көрсетпей тұрғаны жайлы хабарлаған болатын. Бұл жаңалық, әрине, интернет пайдаланушыларының ызасын тудырды.
Естеріңізде болса, «Денсаулық» медициналық пойызы жобасын Қазақстан бойынша 2010 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі және «Қазақстан темір жолы»Ұлттық компаниясы» АҚ бірлесіп қолға алған болатын.
Қазір, Алматы облысына қарасты «Денсаулық» пойызы - 9 вагоннан тұрады. 2 вагон - жатын орынға арналған. 4 вагонда емдеу рәсімдері жүргізіледі. Бір вагон дәрі-дәрмектер сақтауға арналса, бір вагон тамақтануға, тағы бір вагон автономиялық энергиямен қамтамасыз етуге арналған.
Пойызда барлығы 28 медицина қызметкері жұмыс істейді. Олардың арасында кардиолог, оташы, эндокринолог, уролог, онколог, педиатор, стоматолог, дерматолог, гинеколог мамандар бар. Мұнда УДЗ, флюорография, ФГДС секілді қызметтер көрсетіледі.