Денсаулық сақтау миинстрлігі Қарағандыда дәрігер кінәсінен мүгедек болған балаға қатысты оқиғаны тергеуде

Бұл туралы бүгін елордада басталған Түркі әлемі педиатрларының 10-шы халықаралық конгресі аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев мәлім етті.
«Мен бұл жеке оқиға екенін айтқым келеді. Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігі сәйкес тергеу амалдарын жүргізуде. Қазіргі уақытта қандай да бір буынның себебінен деп айту қиын. Біз толық зерттеу жүргіземіз, содан кейін ғана ол туралы мәлім етеміз», деді министр өз сөзінде.
Айта кетейік, бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары Қарағанды қаласының Мақажанов атындағы клиникасының ортопед дәрігерлері 2 жыл бойы 6 жасар Диасты дұрыс емдемегенін жазған болатын. Баланың сол аяғы өсуін тоқтатып, омыртқасы қисайған. Дәрігерлер оған екіжақты пертес ауруы деген диагноз қойған, ал осы аралықта сүйек туберкулезінен баланың буындары бұзылған.
Осы жайт анықталғаннан кейін баланың анасы Марал Матаева сотқа шағымданып, моральдық нұқсан келтіргендері үшін 10 миллион теңге талап еткен болатын. Сонымен қатар ол бөлімше меңгерушісі мен баланы емдеген 3 дәрігердің әрқайсысынан миллион теңгеден талап еткен еді. Шағымданушының талабын жартылай қанағаттандырған сот бөлімше меңгерушісінен - 200 мың, ал дәрігерлерден 100 мың теңгеден өтемақы өндіріп алу туралы шешім шығарған.