Денсаулық сақтау министрі 2014 жылға арналған басқы мақсаттарды айтып берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2014 жылға арналған басты мақсаты: ана мен бала өлімін, қан айналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімді азайту шараларын жалғастыру, онкологиялық ауру, жарақаттанушылық, туберкулезді азайту, жалпы денсаулық сақтау жүйесіне инновациялық жобалар мен медициналық көмектің озық технологиялары трансфертін енгізу, жедел жәрдем, шұғыл медициналық көмек беруді жетілдіру, санитарлық авиация қызметін жаңашаландыру.

Денсаулық сақтау министрі 2014 жылға арналған басқы мақсаттарды айтып берді

Бұл міндеттерді бүгін ОКҚ-де өткен брифингте ведомство басшысы Салидат Қайырбекова мәлімдеді. Оның айтуынша, аналар өлімі көрсеткіші 6,7 пайызға, нәрестелер өлімі 17 пайызға төмендеді. Соңғы 5 жылда ана өлімі 3 есеге, нәрестелер өлімі 1,5 есеге азайды.

«Республикада халықтың табиғи өсімі 4,6 пайыз өсті. Болжалды өмір сүру ұзақтығы - 70,3 жылды құрап, бір жылда 0,69 жасқа артты. Ерлердің орташа жасы - 65,6, әйелдердікі - 74,8 жас болды. Әйелдер мен ерлердің өмір сүру ұзақтығындағы айырмашылық 2007 жылы 11,63 жылды құраса, 2013 жылы 9,2 жыл болды», - деп атап өтті министр.

Сондай-ақ, оның келтірген мәліметі бойынша, туберкулезбен сырқаттанушылық 10 пайызға, ал осы ауру кесірінен өлім-жітім 24 пайызға азайды.