Денсаулық сақтау министрі бюджеттік қаражатты тиімді пайдалануды талап етті

АСТАНА. 21 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін алғаш рет ҚР Бас прокуратурасы мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің селекторлық режімдегі бірлескен алқа отырысы өтті.
None
None

Оған денсаулық сақтау ұйымдарының жетекшілерінен бастап, аудандық ауруханалардың бас дәрігерлеріне дейін қатысты. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алқа отырысында медициналық құрылғылардың жұмыс істемеуі, дәрілік заттарды және медициналық техникаларды сатып алуда азаматтардың құқықтарының бұзылуы, зертханалық қызмет көрсету, өңірлерде медициналық кадрларды тұрақтандыру, эпидемиологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету сияқты кешенді жұмыстарды шешуді талап ететін өзекті мәселелер қаралды.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова алқа отырысына қатысушыларды осы бағытта қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті. Ол өңірлік денсаулық сақтау басқармаларынан Бірыңғай денсаулық сақтау жүйесі шеңберінде бөлінген бюджеттік қаражатты тиімді пайдалануды талап етті.

Медициналық құрал-жабдықтардың сатып алу ашықтығын және жұмыс істемей тұрып қалуын болдырмау үшін Денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау ұйымдарының өтінімдеріне сараптама жасайтын болады. Яғни, ең алдымен олардың сол құрылғылармен жұмыс істей алатын мамандарының болуы және тиісті құрал-жабдыққа деген нақты қажеттіліктері болуы тиіс.

Осы орайда өткен жылы «ақша науқаспен бірге жүреді» қағидасы бойынша республикалық бюджеттен 21 млрд. теңге қаржы бөлінгенін айта кету керек.

Сондай-ақ, министр халықты дәрі-дәрмекпен толықтай қамтамасыз ету үшін облыстық денсаулық сақтау басқармаларынан дұрыс жоспарлауды ескертті.

Денсаулық сақтау саласындағы мамандар тапшылығын шешуде де өңірлік денсаулық сақтау басқармалары тиімді жұмысты жолға қоюы шарт. Ең алдымен, олар өз өңірлеріне қажетті мамандарды тарту үшін медициналық ЖОО-мен тікелей қарым-қатынас орнатып, Денсаулық сақтау министрлігі берген тізіммен өздеріне келген мамандарды жұмысқа орналастыруға күш салуы қажет. Және мамандарды сол жерлерде ұстап, тұрақтандыру мақсатында жағдайларын жасаған жөн. Яғни, мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлық аясында жалға берілетін пәтерлермен қамтамасыз етіп, жеңілдетілген несиелер беруді жолға қою керек.

Алқа отырысының қорытындысында барлық өзекті мәселелер мүдделі тараптардың белсенді қатысуы арқылы шешілуі тиістігі айтылды.

Соңғы жаңалықтар