Денсаулық сақтау министрі пандемия кезіндегі ана өліміне қатысты түсініктеме берді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой пандемия кезіндегі ана өліміне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министр Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстанда коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мәселелері жөнінде кеңесте елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай мен қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Денсаулық сақтау министрі Президентті ана өліміне қатысты мәселелер жайлы да хабардар етті және бұл проблеманың ерекше бақылауда екенін атап өтті. Эпиджағдайға қарамастан, елімізде демографиялық көрсеткіштердің оң серпіні байқалады: бала туу 4,5% өскен немесе туған нәресте саны 20 мыңға артқан.
Пандемия кезеңінде елімізде COVID-19 және пневмония жұқтырған 9 мыңнан астам жүкті әйел тіркелді, бұл барлық тіркелген жағдайлардың 7,5%.
«Осы жылдың 3-тоқсанында COVID-19 коронавирус инфекциясын жұқтырғандар күрт өсуіне байланысты ана өлімі артты. Бүгінде жағдай тұрақты. Соңғы екі айда Covid-19 коронавирус инфекциясынан жүкті әйел қайтыс болған жоқ», - деді А. Цой.
Жүкті әйелдерге медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту үшін министрлік ауыр және қиын жағдайдағы жүкті әйелдерге күнделікті мониторинг жүргізетін «Ахуалдық акушерлік орталық» ұйымдастырды. Сондай-ақ, «Жүкті әйелдердегі COVID-19» диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамасы және «COVID-19 пандемиясы кезінде жүкті әйелдер мен балаларға медициналық көмек көрсету тәртібі туралы» әдістемелік ұсынымдар әзірленіп, денсаулық сақтау басқармаларына жіберілген.