14:36, 21 Ақпан 2009 | GMT +5
Денсаулық сақтау министрлігі «100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша барлық аймақтық мердігерлерге қолдау көрсетуге дайын
АСТАНА. Ақпанның 21-і. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Денсаулық сақтау саласының салынып жатқан нысандарының дирекциясы «100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша медициналық нысандар салумен айналысып жатқан барлық аймақтық мердігерлерге қолдау көрсетуге дайын,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Осы мәселе бойынша өткен кеңеске министрлік өкілдері, дирекция құрылымдарының басшылары, медициналық жабдықтардың жеткізілімшілері, сондай-ақ «100 аурухана» бағдарламасы бойынша ел өңірлерінде нысан құрылыстарымен айналысушы құрылыс компанияларының басшылары қатысты. Денсаулық сақтау саласының салынып жатқан нысандарының дирекциясы құрылыс компанияларын нысандарды уақытында және сапалы тапсыруға назар аударуға шақырды. Кездесуге қатысушылар сондай-ақ, Қан орталықтарын жобалау және оларды техникалық жабдықтау мәселелеріне де тоқталып өтті. - Біз бүкіл Қазақстан бойынша Қан орталықтарын жобалау және оларды салу мәселелері бойынша ортақ стратегия әзірлеуіміз керек. Бұл бағытта біз тек өзіміздегі ғана емес, көрші Ресейдің Мәскеу, Екатеринбург, Самара қалаларындағы және басқа да танымал медициналық орталықтарды салудағы үздік жобаларды негізге алып отырмыз. Келешекте біз сондай-ақ, Германия, Жапония және АҚШ елдеріндегі шетелдік әріптестермен де тәжірибе алмасу мүмкіндігін қарастырамыз, деп атап көрсетті Денсаулық сақтау саласының салынып жатқан нысандары дирекциясының директоры Арынғазы Беркінбаев кеңесте сөйлеген сөзінде.