Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмектермен тұрақты қамтамасыз ету үшін жүйелі шаралар қолдануда
АСТАНА. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Денсаулық сақтау министрлігі арнайы жүргізілген шаралардың нәтижесінде дәрі-дәрмек нарығындағы жекелеген сауда тұрақтандырылып, тегін медициналық көмекті кепілдендірілген көлемде көрсету жұмыстарын қамтамасыз етіліп отыр.
Бұл туралы бүгін аталмыш мәселеге байланысты журналистермен кездескен Денсаулық сақтау министрлігінің Фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Сыздық Баймұқанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның сөзіне қарағанда, мемлекет дәрі-дәрмектердің негізгі сатып алушысы. Оның үлесіне елдегі дәрі-дәрмек нарығындағы тауарлардың 50 пайызы тиесілі. Қазіргі таңда еліміз ТМД-ға мүше мемлекеттер арасында тегін медициналық көмекті кепілдендірілген көлемде жүзеге асыруға қажетті дәрі-дәрмектерді сатып алу жағынан алдыңғы орында тұр. «Бұл мақсатқа биыл мемлекеттен 66 миллиард теңге бөлінген. Бұл өткен жылғы көрсеткіштерге қарағанда 15 пайызға жоғары. Соған қарамастан қазіргі таңда елімізді қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуде біршама проблемалар бар. Олар дәрі-дәрмек бағасының шарықтауы мен отандық өндірістің кенжелеп қалуымен байланысты болып отыр», - деді комитет төрағасы. Оның сөзіне қарағанда, дәрі-дәрмектерді дистрибуциялаудың бірыңғай жүйесін енгізу аталған проблемалардың алдын алуға мүмкіндік береді. Өйткені ол дәрі-дәрмектерді делдалдар арқылы
емес, тікелей оны өндірушінің өзіне сатып алуға жағдай тудырады.
«Сонымен бірге қазір елімізді дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуді жүйелі түрде жүзеге асыру мақсатында министрдің бұйрығымен құрамына фармацевтика саласының мамандары енгізілген тұрақты түрде жұмыс істейтін арнайы жұмыс тобы құрылды. Аталмыш комиссия алдағы уақытта елімізді дәрі-дәрмекпен тұрақты қамтамасыз етумен және осы нарықтағы баға өсімін реттеумен айналысатын болады», - деді комитет төрағасы.