Денсаулық сақтау министрлігі дәріханаларды тексеруді күшейтпек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі дәріханаларды тексеруді күшейтпек. Мұндай шара «Денсаулық сақтау мәселелері бойынша ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында қарастырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой аталған заң жобасы аясында дәрі-дәрмекті рецептсіз берумен күрес қалай күшейтілетіндігін айтты.

«Айталық, дәрі-дәрмектің рецептісіз сатылатындығын тексеру үшін 30 күн бұрын дәріханаларға келіп тексеру жүргізетіндігімізді ескертуіміз қажет. Тексеруге бір күн қалғанда тағы да ескертуге тиіспіз. Біздің мамандар тексеруге келген күні дәріхананың рецептсіз сатпайтындығы белгілі. Бітті, осыдан кейін аталған дәріхананы 3 жылға дейін тексере алмаймыз. Яғни, бұл пайдасыз жұмыс. Екіншіден, пациент шағым жасауы керек. Мұндай шағым да жоқ, ешкім бермейді. Демек, бұл норма жұмыс істемей тұр», - деді заң жобасын таныстырған Алексей Цой.

Сондықтан оның сөзіне қарағанда, бұл мәселеге Денсаулық сақтау министрлігі қоғамды тартуға ниет танытып отыр. Яғни, қоғамдық мониторингілеу топтары, Үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік тапсырыс аясында дәріханаларды тексеріп, бұзушылықтар туралы хабарлайтын болады.

Мұнан бөлек, министр дәрі-дәрмек шығаратын компаниялардың кейбір дәрігерлерге өзі өнімдерін тықпалайтындығына да тоқталды.

«Қазіргі уақытта дәрі-дәрмекті нарықта саудалаудың әдеп кодексін енгізуді жоспарлап отырмыз. Ол жақта лоббилеу жиі орын алады. Фармацевтикалық компаниялар дәрігерлерді ырықтарына көндіріп алады. Сондықтан біз арнайы нормамен жұмыс күні уақытында дәрігерлермен жеке кеңес өткізуге тыйым саламыз», - деді Алексей Цой.

Соңғы жаңалықтар