Денсаулық сақтау министрлігі «доңыз тұмауын» жұқтыру фактілері болуы мүмкіндігін жоққа шығармайды
Бұл туралы бүгін «Тұмау және жедел респираторлық вирустық жұқпа бойынша республикадағы эпидемиологиялық жағдай» тақырыбында өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тамара Вощенкова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Доңыз тұмауы» бүтін әлем бойынша таралып отыр және Қазақстан бұл қоғамдастықтың бір мүшесі ретінде аталмыш қауіпке ұшырамай қоймайды. Қазақстанда «доңыз тұмауын» жұқтырудың анықталған барлық фактілері бойынша карантин үстіміздегі жылғы тамыздың 13-інде аяқталғанымен, жұқпа ел аумағында қайта анықталуы мүмкін деген болжамдар бар», - деді вице-министр.
Т.Вощенкованың айтуынша, тұмаудың А/Н1N1 және жедел респираторлық түрлеріне қарсы емдік және алдын алу шараларын жүргізу бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, 2009 жылғы тамыздың 19-ында кешенді іс-қимылдар жоспарын бекітті және осы жоспарға сәйкес елдегі инфекциялық жағдайды тұрақтандыру үшін барлық мемлекеттік органдар жұмылдырылатын болады.
Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері жаңа оқу жылының басталуымен мектептерді апталық карантинге жабудың қажеттілігі жоқтығын, ал алыс және таяу шет елдерде болған оқушылар дін аман және медициналық бақылаудан толығымен өткендігін жеткізді.
Қазақстанда «доңыз тұмауына» қарсы қолданылатын «Тамифлю» препаратының 30 мың дана мөлшерінде қоры бар. Тұмауды жұқтырған азаматтарға медициналық ем-домдар тегін жүргізілетіндіктен, препаратты дәріханалардан жаппай сатып алудың қажеттігі жоқ.