Денсаулық сақтау министрлігі ІТ-саласының мамандарын ынтымақтастыққа шақырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев отандық денсаулық сақтау саласындағы ІТ-инновациялар көрмесі өтетінін жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ІТ саласы мен денсаулық сақтау саласын не байланыстыруы мүмкін? 2018 жылы біз денсаулық сақтау саласын өзгерте аларлық жаңа жобаларды іске қосамыз. ІТ-технологиялар, стартап-жобалар, инновациялық шешімдер - денсаулық сақтау саласына енгізілген осы жобалардың көмегінің көп тиетіні анық», - дейді видеохабарлама әзірлеген вице-министр.
Сонымен қатар, Олжас Әбішев медицинаны инновациялық бағытта жетілдіру жолындағы нақты идеяларға атсалысуға шақырды.
«Егер бүкіл әлемге өзіңіздің идеяңызды көрсетуге дайын болсаңыз, 25-26 қазан күндері біз сіздерді Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде күтеміз. Қазақстанда қаншалықты даму барын кел де көрсет. Міне, осылайша біз ІТ-саласының медицинаны қалай өзгерге алатынын көрсететін боламыз», - делінген видео-шолуда.