Денсаулық сақтау министрлігі медицина ұйымдарындағы қымбат құрал-жабдықтардың 130 түрінің іске қосылмай тұрғандығын анықтады

АСТАНА. 27 қараша. ҚазАқпарат - Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі медицина ұйымдарындағы қымбат құрал-жабдықтардың 130 түрінің іске қосылмай тұрғандығын анықтады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аталған ведомствоның басшысы Салидат Қайырбекова мәлім етті.

Денсаулық сақтау министрлігі медицина ұйымдарындағы қымбат құрал-жабдықтардың 130 түрінің іске қосылмай тұрғандығын анықтады
Оның атап өтуінше, еліміздегі барлық медицина ұйымдарына аталған бағытта арнайы тексеру жұмыстары жүргізілген. «Біздер құрал-жабдықтардың 130 түрі бойынша фактіні анықтадық. Материалдарды Бас прокуратураға жібердік. Біз сатып алынған қымбат құрал-жабдықтардың жұмыс істеп тұрғандығына мүдделіміз», - деді министр. Оның атап өтуінше, оның бірнеше себебі бар. Атап айтқанда, кей жағдайда аталған аппараттармен жұмыс істей алатын мамандар жоқ болса, кейде емделетін науқастардың аз болуына қарамастан қымбат құрал-жабдықтар сатып алынады. Ал, бұл орын алған проблемаларды жою үшін министрлік медициналық құрал-жабдықтарды сатып алу жүйесін қайта қалыптастырды. Сонымен қатар медицина ұйымдары бас дәрігерлерінен келген өтінімдердің барлығына да сараптама жүргізіледі.