Денсаулық сақтау министрлігі мен денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы салааралық келісімге қол қойды
Аталмыш құжаттың мақсаты денсаулық сақтау ұйымдары қызметінің тұрақтылығы мен тиімділігіні қамтамасыз ету және осы саладағы әлеуметтік-экономикалық және еңбек қатынастарын реттеу болып табылады. Келісім талаптары бойынша, қол қоюшы тараптар өздеріне бірқатар міндеттер жүктейді. Нақтырақ айтқанда, олар тұрғындарға тиімді медициналық қызмет көрсету жүйесін қалыптастыру мақсатында «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының аясында тиісті іс-шаралар ұйымдастырады. Сонымен қатар денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақыларын төлеу жүйесін реформалау бағытында түрлі консультациялар мен келісілген шараларды жүзеге асырады. Денсаулық сақтау нысандары қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін Денсаулық сақтау министрлігі бақылаушы кеңестерге кәсіподақ ұйымының өкілдерін тартып, оларды денсаулық сақтау саласындағы нормативті-құқықтық актілерді қарау жөніндегі комиссияның отырысына қатыстырып отыратын болады. Ал кәсіподақтар өз кезегінде еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау міндетін мойнына алады. Аталмыш құжат талаптарының орындалуын бақылауды әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі арнайы комиссия жүзеге асырады.