Денсаулық сақтау министрлігі жалған дәрілік заттарды таратқандарға қолданылатын жазаны қатайту қажет деп санайды

АСТАНА. Шілденің 14-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жалған дәрілік заттарды таратқандарға қолданылатын жазаны қатайту үшін ҚР Қылмыстық кодексіне қылмыстық жауапкершілікті қарастыратын норма енгізу қажет деп санайды.
None
None

Бұл туралы бүгін Астанадағы брифингте аталмыш министрліктің Фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Сыздық Баймұқанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Нарыққа қатысушылардың жауапкершілігін арттыру мақсатында дамыған елдердегідей жалған дәрілік заттарды таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастыратын заң нормасын енгізу қажет. Депутаттар да біздің ұсынысымызды қолдады. Біз аталмыш өзгертулерді заңнамаға ағымдағы жылдың соңына дейін енгізуді көздеп отырмыз. Түзетулер Қазақстанның қылмыстық заңнамаларына енгізілетін болады. Онда жалған дәрілік заттарды таратқандарды 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылады», деді брифингте С. Баймұқанов.

 Оның айтуынша, 2004 жылдан бері Қазақстанда 30-дан астам жалған дәрілік заттарды сату фактілері анықталып, расталған. Негізінен кең танымал және сұранысы жоғары дәрілік заттар жалған жасалады. «Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай құқық бұзушыларға тек 150 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл адамдардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп-қатермен және жалған дәрілік заттарды сатудан түскен пайдамен салыстыруға келмейтін мөлшер», деді С. Баймұқанов.

Фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының сөзіне қарағанда, дамыған елдердің заңнамасында жалған дәрілік заттарды таратқаны үшін қомақты мөлшерде айыппұл салу және түрмеге қамау қарастырылған. Мәселен, Францияда жалған дәрілік заттарды таратқандарға 300 мыңнан 500 мың еуроға дейін айыппұл салынып, олар 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал АҚШ-та мұндайларға 2 млн. доллар айыппұл салынып, 5 жыл түрмеге жабылады. Ұлыбританияда 10 жылға дейін бас бостандығынан айырады.

Соңғы жаңалықтар