Денсаулық сақтау министрлігі Жастардың денсаулық сақтау орталықтарын 2013 жылға қарай 90-ға жеткізуді жоспарлап отыр
Бұл туралы аталмыш ведомствоның баспасөз қызметінен мәлім етті.
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттiк бағдарламасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінген. Осы мақсатта жастармен жұмыс істеудің негізгі бағыттарының бірі Жастардың денсаулық орталықтарын ашу болып отыр. Жастардың Денсаулық орталықтарының өзге медициналық ұйымдардан ерекшелігі, оларда медициналық, психологиялық, заңгерлік, әлеуметтік сияқты кешенді көмектер көрсетіледі. Орталықтардың қызметі жастар арасында аурулардың алдын алуға бағытталған, мәліметтердің құпиялығына және таратылмайтынына кепілдік беріледі.
Бүгінгі таңда Қазақстанда жастардың 44 денсаулық орталығы жұмыс істейді. 2011 жылы республика бойынша осындай орталықтардан 185 мың адам көмек алды, олардың 43 пайызы - ерлер, 57 пайызы - әйелдер. Айта кететін жайт, азаматтар негізінен гинеколог және уролог сияқты мамандардан дәрігерлік кеңестер алып, психологтар мен заңгерлердің көмегіне жүгінген. Жастардың денсаулық сақтау орталықтарының қызметі тиімділігін және жастармен жұмыс істеуде қажеттілігін көрсетті. Мұндай орталықтар болашақта да сырқаттардың алдын алу шараларын жүзеге асыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға мүмкіндік береді.