Денсаулық сақтау министрлігі жедел көмек қызметі үшін 2,7 мыңнан астам көлік сатып алмақ
АСТАНА. 3 шілде. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтау министрлігі жедел көмек қызметі үшін 2,7 мыңнан астам көлік сатып алмақ.
Бұл туралы бүгін Идустриалдық форум аясында ҚазАқпарат тілшісіне ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов мәлім етті.
«Денсаулық сақтау саласының бүгінгі таңдағы жалпы қажеттілігі 2770 жедел көмек көлігін құрайды. Қазір біз отандық өндірушілермен ұзақмерзімді меморандумға қол қойдық. Жыл сайын біз кезең-кезеңмен бұл көліктерді сатып алып, қажеттілігімізді толығымен жабатын боламыз», - деді ол.
БҰл орайда вице-министрдің атап өтуінше, қазірде ауылдық медициналық мекемелер арнайы көлікпен қамтамасыз етілген. Бірақ та олар УАЗ көліктері. Ал аталған көліктерде медициналық жабдықтар жоқ.
«Барлық медициналық ұйымдарды заманауи жедел жәрдем машиналарымен қамтамасыз етіп, дамудың жаңа кезеңіне өтуді қалаймыз. Бұл көліктер өзімізде құрастырылады. Сонымен қатар бағасы да қолжетімді», - деді Е.Байжүнісов.
Айта кетейік, «Қазақстандық қамту-2012» форумы аясында еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі "Сауда" және "СарыарқаАвтоПром" жауапкерлігі шектеулі серіктестіктерімен меморандумға қол қойған болатын.