Денсаулық сақтау министрлігінде жұмыс кеңесі өтті

АСТАНА. 5 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті төрағасының орынбасары Д.Есімовтың төрағалығымен жұмыс кеңесі өтті.

Денсаулық сақтау министрлігінде  жұмыс кеңесі өтті

Кеңес жұмысына үкіметтік емес ұйымдар, Комитеттің және аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері қатысты, деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Жиынды өткізудің негізгі мақсаты - үкіметтік емес ұйымдар тарапынан денсаулық сақтау саласында біліктілік емтихандарын өткізу жобасының жүзеге асырылуын талқылау болды.

Ағымдағы жылы Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында денсаулық сақтау бюджетінде азаматтық қоғамдастық пен үкіметтік емес ұйымдарды тарту, оның ішінде 12 млн. теңге көлемінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру арқылы біліктілік емтихандарын өткізуге қаржы қарастырылған.

Бұл жоба, ең алдымен, медицина қызметкерлерінің, атап айтқанда, кәсіптік ортадағы біліктілік деңгейін анықтауға бағытталған. Бұл мамандардың теориялық және практикалық дағдыларын жақсы меңгеруіне ықпал етеді.

Кеңесте комитеттің, оның аумақтық бөлімшелері мен әлеуметтік тапсырыс шеңберінде аталған қызметтерді мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурстың жеңімпаздары болып танылған 4 үкіметтік емес ұйымның өзара іс-әрекет ету, сондай-ақ әкімшілік кедергілерді төмендетуге, бақылау-рұқсат беру функцияларын қысқартуға байланысты мәселелер де талқыланды.