Денсаулық сақтау нысандарының құрылысы қатаң бақылауға алынады - Үкімет басшысы

АСТАНА. 17 сәуір. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтау нысандарының құрылысы қатаң бақылауға алынады. Бұл туралы бүгін селекторлық режімдегі Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мәлім етті.

Денсаулық сақтау нысандарының құрылысы қатаң бақылауға алынады - Үкімет басшысы

«Белгіленген уақыттан тыс құрылыс мерзімі созылған барлық денсаулық сақтау нысандары мен бұл бағыттағы басқа да проблемаларды ұдайы қадағалап отыруды тапсырамын. Бұл нысандардың құрылысы тиісті мерзімде тапсырылуы тиіс»,-деп жүктеді К. Мәсімов әкімдер мен министрге.

Осы бағыттағы шараларды Үкімет басшысының орынбасары Ербол Орынбаев бақылайтын болады. Премьер-Министр биылғы қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы денсаулық сақтау нысандары құрылысы мәселесіне орай қатаң тапсырмалар бергенін еске салып өтті. Бұдан бөлек, жақында Астанада өткен кеңесте Президент құрылыс нысандары жобасының қымбаттауы мәселесі тұрғысында тиісті қадағалау шаралары бойынша тапсырмалар берді.

«Атап айтқанда, денсаулық сақтау нысандары жобасының қымбаттауына жол берілмеуі шарт»,-деп тоқталды Үкімет басшысы. Сонымен қатар Премьер-Министр денсаулық сақтау нысандары құрылысында мемлекеттік-жеке меншік әріптестік ұстанымын пайдалану бойынша Елбасының тарапынан қолдау жасалғанын айтты.

«Сондықтан да, жауапты министрлік пен облыс әкімдері бұл бағыттағы шараларды қарастырып, осы үдерісті алға жылжыту үшін жақын арада ілкі жобаларды іске қосуы керек»,-деді К. Мәсімов.

Осы орайда ол денсаулық сақтау нысандарының мәселесі алдағы маусым айында тағы да қаралатынын ескертіп өтті.