Денсаулық сақтау нысандарының жаңартылған санитарлық қағидалары бекітілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Денсаулық сақтау нысандарына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» санитарлық қағидаларын бекіту туралы бұйрыққа қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жаңа редакциясында денсаулық сақтау саласындағы бизнес үшін тосқауылдар болып табылатын нормалардың шамамен 30 пайызы алып тасталды, сондай-ақ басқа да нормативтік құқықтық актілерде қайталанатын талаптар қысқартылды. Бұл - медициналық қалдықтарды тасымалдауға және залалсыздандыруға; медициналық мақсаттағы бұйымдарды стерильдеуге және зарарсыздандыруға; денсаулық сақтау объектілеріне өндірістік бақылау жүргізу жағдайларына қойылатын талаптар. Сондай-ақ құрылысқа жер учаскелерін таңдауға, нысанды жобалауға, реконструкциялауға және қайта жабдықтауға, денсаулық сақтау нысандарының ауданына қойылатын, ҚНжҚ-да (құрылыс нормалары және қағидалары) қайталанатын талаптар алып тасталды»,-деп атап өтілген министрлік мәліметінде.
Жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты гемодиализ, дерматология-косметология, пластикалық және эстетикалық хирургия сияқты көрсетілетін қызметтерге қосымша санитарлық талаптар әзірленді, сонымен қатар бұл талаптар оңалту орталықтарына да, оның ішінде паллиативтік көмек және мейіргерлік күтім көрсететін ұйымдарға да қатысты. Осы қағидалардың қабылдануы денсаулық сақтау саласында шағын бизнесті дамыту үшін әкімшілік тосқауылдарды жойып қана қоймай, халық үшін медициналық қызметтерді көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Санитариялық қағидалардың жобасы денсаулық сақтау ұйымдарымен, ғылыми мекемелермен, бизнес қоғамдастығымен, халықаралық сарапшылармен, аккредиттелген қауымдастықтар сарапшыларымен, сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен талқыланғандығын естеріңізге саламыз.