Денсаулық сақтау саласын одан әрі жетілдірудің іс-шаралар кешені әзірленеді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлт денсаулығын нығайту Үкіметтің басым міндеті саналады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ұлт денсаулығын нығайту Үкіметтің басым міндеті болып табылады. Мемлекет басшысы денсаулық сақтауды және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру тәсілдерін қайта қарауды тапсырды. Біз медициналық инфрақұрылымды, оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмдерін қолдану арқылы жақсарту жөнінде кешенді іс-шаралар қабылдауымыз қажет», - деді Әлихан Смайылов бүгін Үкімет отырысында.
Сондықтан Премьер-Министр Денсаулық сақтау министрлігіне Қаржы министрлігімен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, денсаулық сақтау саласын одан әрі жетілдіру бойынша іс-шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды.