Денсаулық сақтау саласына құйылатын инвестиция көлемі артты

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылы денсаулық сақтау саласында негізгі капиталға құйылған инвестиция 1,4 есеге артты. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының өткен жылғы қорытындысы бойынша есеп берген ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Денсаулық сақтау саласына құйылатын инвестиция көлемі артты

«Жалпы бағдарламада 3 мақсатты индикатор қарастырылған, 2017 жылдың қорытындысы бойынша барлық индикаторлар бойынша аралық мәндерге қол жеткізілді. 36 нәтиже көрсеткіштері қарастырылған, оның ішінде 5 көрсеткіш орындалмады. 123 іс-шара қарастырылған, оның ішінде 2017 жылы біту мерзімімен 47 іс-шара, оның ішінде 1 шара орындалмады, 9 шара мерзімінің бұзылуымен орындалды. Бағдарламаны іске асыруға 2017 жылы 180,3 млрд теңге бөлінді, оның 176,1 млрд теңгесі немесе 97,7 пайызы игерілді», - деді министр.

Сонымен қатар, ол 2017 жыл қорытындысы бойынша денсаулық сақтау жүйесінің көрсеткіштері экономиканың саласы ретінде оң динамикаға ие екендігін атап өтті.

«2017 жылғы қаңтар-желтоқсан аралығандағы денсаулық сақтау саласында негізгі капиталға құйылған инвестициялар 2016 жылғы 61 млрд теңгеден 91 млрд теңгеге дейін өсіп, 1,4 есеге артты. Өсім негізінде жеке инвестициялардың ұлғаюына және мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалардың іске асырылуына байланысты болды», - деді Тимур Сүлейменов.