Денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту маңызды - Т. Құлыбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту маңызды. Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралға Төрағасы Тимур Құлыбаев Фармацевтика, медициналық өнеркәсіп және медициналық қызметтер комитеті Хатшылығының былтырғы жылды қорытындылаған алқа мәжілісінде мәлім етті.

    Денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту маңызды - Т. Құлыбаев

Алқа отырысында ҰКП Фармацевтикалық, медициналық өнеркәсіп және медициналық қызметтер комитетінің келтірген мәліметтеріне қарағанда, былтырғы жылы отандық өндірушілерді қолдау бағытында бірқатар жүйелі шаралар атқарылған. Мәселен, фармецевтикалық және медициналық өнімдерді жеткізу бойынша ұзақмерзімді келісімшарттар енгізу тетігі енгізілді, фармацевтика тәжірибесіне қатысты ынталандыру құрамдастары қамтылды, отандық кәсіпорындардың тіркелімі барысындағы өндірістік шығындары төмендетілген. Бұдан бөлек, қазақстандық кәсіпкерлер үшін орталық тұрғын үй және қоғамдық ғимараттарда  медициналық кабинеттер ашу мүмкіндігі қарастырылды.

Жиын барысында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру бойынша атқарылатын шаралар пысықталды. Өз кезегінде Төраға Т. Құлыбаев жеке сектордың медицина саласындағы қызметінің белсенділігіне тоқталып өтті. «Қазіргі күні Міндетті әлеуметтік медициналық қызмет жүйесіне жеке сектордың қатысуынан жеке медициналық ұйымдар үшін де, мемлекет үшін де күтілетін тиімділікті анықтау маңызды. Сонымен қатар, бүгінгідей жаһандық дағдарыс жағдайында бизнесті жан-жақты қолдау аса қажет», -деді Т. Құлыбаев.

Бұдан басқа, Төраға қолданыстағы механизмге сәйкес денсаулық сақтау саласы нысандарын сенімді басқаруға беру бағыты бойынша медицина қызметкерлеріне жадынама әзірлеуді тапсырды. «Өйткені, осы арқылы біз медицинадағы жеке секторды да дамытуға жол ашамыз. Ең бастысы мемлекеттік-жекешелік әріптестік институты бизнес пен мемлекеттің ортақ міндеттерін шешуде маңызды рөл атақрады», деді Т. Құлыбаев.