Денсаулық сақтау саласындағы заңсыздықтарды жою үшін бірнеше заңдарға толықтырулар енгізіліп отыр

АСТАНА. Сәуірдің 4-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Мәжіліс депутаттары «Денсаулық сақтау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына бастамашылық жасап,

Денсаулық сақтау саласындағы заңсыздықтарды жою үшін бірнеше заңдарға толықтырулар енгізіліп отыр
оны 2008 жылы қарашаның 27-сі күні Палатаның қарауына ұсынған болатын. Содан бергі кезеңде Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті заң жобасы бойынша жұмыс тобын құрып, аталған құжатты жетілдірді. Бас комитет пен депутаттар тағы да толықтырулар енгізді. Қорытынды салыстырма кестеге 29 түзету еніп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Айта кету керек, бұл заң жобасына депутаттар Дарья Клебанова, Айткүл Самақова және Гүлнәр Сейтмағанбетовалар бастамашылық жасаған. Заң жобасы қолданыстағы заңнамалық актілерді «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің жобасына сәйкес келтіру мақсатында әзірленген. Сонымен қатар заң жобасын дайындау Қазақстан Республикасының заңнамасын қоғам өмірінің тиісті салаларына қолдану тәжірибесі есепке алына отырып жүзеге асырылған. Атап айтар болсақ, Қылмыстық, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» және Еңбек кодекстеріне толықтырулар енгізіліп отыр. Оның ішінде медицина қызметкерлерінің клиникалық зерттеулер жүргізу тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілікті белгілеу көзделген. Темекіге қатысты заңдарды бұзғандарды және дәрілік заттармен қамтамасыз ету ережелерін сақтамағандарды жауапкершілікке тартуды күшейту үшін аталған кодекстерге түзетулер енгізіліп отыр. Сондай-ақ «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы», «Жарнама туралы» «Жеке кәсіпкерлік туралы» және бірқатар заңдарға түзетулер қарастырылған.