Денсаулық сақтау ұйымдары азаматтардың өндірістік жарақат алу фактілерін жасыруда - ҚР Бас прокуратурасы
ТАНА. 3 қараша. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Денсаулық сақтау ұйымдары азаматтардың өндірістік жарақат алу фактілерін жасыруда. Бұл туралы бүгін Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті.
Оның атап өтуінше, Бас прокуратура азаматтардың өндірістік жарақат алу жағдайы кезінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау органы қызметінің заңдылықты сақтауына тексеру жүргізген. Нәтижесінде денсаулық сақтау ұйымдарының өндірістік жарақат алу фактілерін еңбек инспекциясына хабарлау туралы заңнама талаптарын орындамай отырғандығы белгілі болған. «Мысалы, Алматы облысының медициналық мекемелері өндірістік жарақат алуға байланысты азаматтардың 2156 жүгіну фактісінің 22-сі туралы ғана уәкілетті органға хабарлаған. Тексеру барысында мемлекеттік еңбек инспекторларының өздеріне белгілі болған өндірістік жарақат алу фактілері бойынша да әрекет етпеген жағдайлардың да болғандығын анықтады», - деді ол.
Мәселен, ресми өкілдің айтуынша, Балқаш қаласының медициналық мекемелері еңбек инспекциясына жұмыс істеу кезінде жарақат алуына байланысты денсаулық сақтау ұйымына жүгінген 99 факті туралы хабарлаған. Дегемен, 22 хабарлама бойынша еңбек инспекторлары жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған қандай да бір шаралар қабылдамаған.
«Қостанай облысында «Ақ-Бидай Агро» ЖШС жүргізушісі Корецкийдің қаза табуына қатысты қайғылы жағдай, Жамбыл облысында «Шоқтерек» ЖШС жұмысшысы Тазабековтің жарақат алуы фактісі прокуратураның араласуымен ғана тергеле бастады», - деді Н.Сүйіндіков.