Денсаулық сақтау вице-министрі елордадағы балалар үйіне барды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Мамандандырылған балалар үйі» КММ-не жұмыс сапарымен барып, ондағы балалардың өмір сүру жағдайымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Вице-министр ата-анасының қамқорлығынсыз қалған тәрбиеленушілердің, сондай-ақ ерте жастан балаларды оңалту және абилитациялау бойынша жұмыстардың ұйымдастырылу деңгейін, бүлдіршіндерге қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы іс-шараларды бағамдады. 
А.Ғиният отбасы үлгісінде ашылған «Бөбек» тобында болып, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға арналған «Күнім» және «Ботақан» оңалту топтарында болды.
Сонымен қатар, ол медициналық, психологиялық-педагогикалық және әлеуметтік жұмыстармен айналысатын мамандармен танысып, ЕДШ үлкен және кіші залдарына, бассейнге, физиопроцедура, монтессори және әдістемелік кабинеттеріне, сенсорлық бөлме мен логопедтер, әлеуметтік қызметкерлер кабинеттерінде болды.
Балалар үйінің базасында онлайн режимде жұмыс кеңесі өтті. Оған ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова, Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов, Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Досмырзаева, сондай-ақ Денсаулық сақтау басқармаларының бірінші басшылары мен өңірлердегі балалар үйлерінің директорлары қатысты. Күн тәртібінде тәрбиеленушілердің балалар үйінде болу жасын 6 жасқа дейін ұзарту, кадрлық қамтамасыз ету, мамандардың біліктілігін арттыру және басқа да мәселелер талқыланды.
Жалпы, сапар қорытындысы бойынша А.Ғиният елордалық балалар үйінің қызметіне жоғары баға берді.