Денсаулық сақтау вице-министрі Шелек ауруханасына қатысты түсінік берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шелек ауруханасында айтарлықтай тәжірибелі дәрігерлер жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы қойылған сауалдарға Фейсбук арқылы жауап беру кезінде Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Денсаулық сақтау вице-министрі Шелек ауруханасына қатысты түсінік берді

Онлайн сауалдар барысында желі пайдаланушысы Алматы облысындағы Шелек ауруханасына қатысты комиссия құру туралы өтінімін жасады. Осы орайда аталған аурухана жұмысында бірқатар кемшіліктер бар екені айтылды.

Өз кезегінде Ләззат Ақтаева қойылып отырған сұрақтар өзекті екенін айта келе: «өздеріңіз білесіздер, осы ауруханада кәріз жүйесіндегі ақауға байланысты 2 техникалық жұмысшы мен бір дәрігер көз жұмды. Аталған аурухананың бас дәрігері атқарған қызметінен босатылды. Осы нысанда күрделі жөндеу жүргізу үшін жергілікті бюджеттен 100 млн теңге бөлінеді. Жалпы, өзге де құрылыс жұмыстарына республикалық бюджеттен алдағы жылдары қаржы бөлу қарастырылуда», - деді.

Сонымен қатар вице-министр Шелек ауруханасына барып, ондағы жағдаймен танысқанын еске салып өтті.

«Жалпы, Шелек аурухасында айтарлықтай тәжірибелі дәрігерлер жұмыс істеп жатыр. Сонымен бірге біліктілікпен қатар, материалдық-техникалық база да маңызды. Бұл өз кезегінде медициналық қызметтер сапасының құрамдас бөлігі», - деді Л. Ақтаева.

Естеріңізге сала кетейік, Шелек ауруханасының ауласында 5 адам кәріз құдығына түсіп, оның үшеуі улы газ салдарынан қайтыс болғанын хабарлаған болатынбыз. 

Кәріз жүйесін тазалап жатқан сантехник нәжіске батып, оған төрт адам көмекке ұмтылған еді. Өкінішке қарай, 3 адам нәжістің иісіне уланып, көз жұмды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов тозығы жеткен Шелек ауруханасы жөнделетінін айтқан болатын. 

Айта кетейік, бұған дейін біз Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылы орталық ауруханасының мүшкіл жағдайы туралы хабарлаған болатынбыз.