Денсаулық сақтау заңнамасына енгізілетін өзгерістер ұлттық экономикамызға қайшы - А.Перуашев

АСТАНА. 3 ақпан. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Темекі өнімдері бойынша еліміздің денсаулық сақтау заңнамасына енгізілетін өзгерістер ұлттық экономикамызға қайшы келеді.

Денсаулық сақтау заңнамасына енгізілетін өзгерістер ұлттық экономикамызға қайшы - А.Перуашев

Бүгін «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында «Қазақстандағы заңсыз тауар айналымы: себеп-салдары мен қорғау іс-шаралары» тақырыбын қозғаған дөңгелек үстелде «Атамекен одағы» ұлттық экономикалық палатасының басқарма төрағасы Азат Перуашев осылай айтты.

Оның хабарлауынша, ҚР Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және аймақтық даму комитеті күні кеше ғана денсаулықты сақтау заңнамасы бойынша темекі өнімдерінің адам денсаулығына қауіпті екендігін көрсету үшін жазумен бірге сурет-пиктограмманы салу жөніндегі өзгерістерді мақұлдады. Онсыз темекі өнімдерін сатуға тыйым салынған. Осы өзгерістер заңды түрде күшіне енетін болса, 2 адам жұмыс істейтін кәсіпорындар мен 3 мың адамы бар темекі шикізаты шаруашылықтарының жұмысы тоқтайды. Осының нәтижесінде тек Алматы облысы ғана бір жылдың ішінде 19 млрд. теңгенің салығынан айырылады. Компанияға 12 млрд. теңге шығын келіп, жұмыссыз қалатын 5 мың адамға жыл сайын 1,5 млрд. теңге көлемінде әлеуметтік жәрдемақы төлеуге тура келеді.

«Әрине, осының барлығы - темекі шегу сияқты зиянды қоғамдық дерттерге қарсы қолға алынып жатқан шаралар. Бірақ, бір жағынан бұны темекі шығарушылардың мүддесін қорғау деп атауға болады. Осы өзгерістерді қабылдаған депутаттар ұлттық экономиканы ойламай, шетелдік тауар өндірушілердің мүддесін қорғап отыр. Себебі Кедендік одақ аясында темекі өнімдеріне қосымша пиктограмма салу міндеті тек біздің тауар өндірушілерімізге ғана жүктелген. Ал Беларус пен Ресейдің кәсіпорындары ондай міндетке бағынбайды», - дейді А.Перуашев. Ол атап көрсеткендей, осыған байланысты әзірленген ресми хат ҚР Президент» Әкімшілігіне және басқа да тиісті органдарға жіберілді.