Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі қазақстандықтардың шетелдерде емделуге қажеттілігін жоймақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі қазақстандықтардың шетелдерге барып емделуге деген қажеттіліктерін жоюға ниетті.
«Министрлікте жоғары мамандандырылған медициналық көмек пен бірегей технологияларды дамыту бойынша ауқымды шаралар қолға алынуда, бұл болашақта қазақстандық азаматтардың шетелдерге барып ем қабылдауға деген қажеттіліктерін жояды», делінген аталмыш ведомствоның «ҚАзАқпарат» ХАА ресми сауалына берген жауабында.
Министрлікте сондай-ақ кейінгі жылдары отандық клиникаларда адам ағзасының мүшелерінің трансплантациясы, жұлын трансплантациясы тәрізді оталардың сәтті жүзеге асырылып жатқаны атап айтылды. Қазіргі кезде отандық онкологиялық қызмет ҚР халқына онкологиялық көмек көрсетуді дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған бағдарламасында қарастырылған төрт бағытты ұстанады. Оның біріншісі алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін жетілдіру болса, екіншіден, онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің жоғары технологиялық әдістерін дамыту болып табылады. Ал үшіншіден, онкологиялық салада кадрлық әлеуетті нығайту, төртіншісі - онкологиялық қызмет инфрақұрылымын жетілдіру, оның материалдық-техникалық базасын нығайту.