Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі жұмыспен қамтуға қатысты жаңа заң дайындауды жоспарлап отыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі жұмыспен қамтуға қатысты жаңа заң жобасын дайындауды жоспарлап отыр. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпова мәлім етті.
Таныстырылым барысында депутат Айткүл Самақова өзін-өзі жұмыспен қамтушылар мәселесін көтерген болатын.
«Дәл осы санаттағылар көрсеткіші Қазақстанда жыл сайын азайып келе жатқан жоқ. Мәселен, бұлардың саны 2000 жылдары 2,7 млн. адамды құраса, жаңа жұмыс орындарының ашылып жатқанына қарамастан, бұл көрсеткіш еш кеміген емес. Алдағы уақытта осы міндет заң жобасы аясында қалай шешімін табады», - деді депутат Айткүл Самақова.
Өз кезегінде вице-министр Светлана Жақыпова өзін-өзі жұмыспен қамтушылар мәселесіне орай арнайы шаралар қабылданып жатқанын тілге тиек етті.
«Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 270 мыңнан астам жұмыс орындары құрылды. Дегенмен, неге өзін-өзі қамтушылар азаймады дегенге келсек, бұл ретте елдегі экономикалық белсенді халықтың саны да артып отырғанын естен шығармауға тиіспіз. Яғни, еңбек нарығына жаңа жұмыс күштері ағылып жатыр. Сондықтан да олардың әрқайсысына жұмыс тауып, еңбекпен қамту алдағы уақытта да біздің басты міндетіміз болып қала бермек», - деді С.Жақыпова.
Оның айтуынша, министрлік «өзін-өзі жұмыспен қамтығандар» ұғымын айқындауды қайта қарауды жоспарлап отыр.
«Қаіргі таңда көшіп-қонушыларды жұмыспен қамту туралы заң жобасы Мәжілістің қаруына берілді. Үкіметтің заң жобалау жоспарына сәйкес, біз «Жұмыспен қамту туралы» жаңа заң жобасын дайындауды қарастырамыз. Онда өзін-өзі жұмыспен қамтушылар ұғымы да нақтыланып, қайта қаралуы жоспарланады», - деді С.Жақыпова.