Денсаулық сақтау жүйесінде 4 мыңға тарта дәрігер жетіспейді - С. Қайырбекова

«Денсаулық сақтау саласындағы кадр мәселесі әлі де өзекті. Бізде маман тапшы. 2009 жылы кадр жетіспеушілігі - 6 мың адамды құраса, 2010 жылы ол 5 мың дәрігер болды. Ал бүгінгі таңда денсаулық сақтау жүйесінде 4 мыңға тарта дәрігер жетіспейді», - дейді Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова.
Оның айтуынша, бұл бағытта тиісті министрліктермен жұмыстар жалғасуда. «2007 жылдан бері мемлекеттік гранттардың жалпы санының 30 пайыздық квотасы ауылдық жерлердегі мамандарға берілген. Яғни, 2007 жылы медицина жоғары оқу орнына түсіп, 8 жылдан соң оқуын бітіретін (2015 жылға қарай-авт.) студенттердің 30 пайызы бірден ауылға барады деген сөз. Ал 2008 жылдан бастап студенттерді медициналық жоғары оқу орындарына осы тәртіппен қабылдау 50 мыңға дейін жетті. Яғни, 2015-2016 жылға қарай ауылдық жерлерді дәрігерлермен қамту көрсеткіші айтарлықтай артатыны күтіледі», - дейді министр.