Денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесіндегі ірі кемшіліктерді алдағы жаз айына дейін жоятын боламыз - вице-министр

АСТАНА. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесіндегі ірі кемшіліктерді алдағы жаз айына дейін жоятын боламыз. Бұл туралы бүгін Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының алқа мәжілісінде ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Елжан Біртанов мәлім етті,

Денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесіндегі ірі кемшіліктерді алдағы жаз айына дейін жоятын боламыз - вице-министр

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, Денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесінің (ДБҰЖ) механизмдері толық пісіп-жетілмеген және жаңа жүйенің түсінбеушілігі мен медициналық ұйымдардан жолданып жатқан сауалдардың азаю үдерісі байқалып отырғанымен, сұрақтар әлі де келіп түсуде. Сондықтан қазір министрлік өкілдері жаңа жүйенің ережелері мен нормаларын жете түсіндіру үшін аймақтарды аралауда.

«Проблемалы жайттардың әлі де көп екендігін білеміз және біз олармен күнделікті жұмыс істеп жатырмыз. Жаз айларына дейін жүйедегі ірі кемшіліктер жойылатын болады», деп уәде етті ол.

Е.Біртановтың айтуынша, негізгі проблемалардың бірі - факты бойынша шығыстарды есептеу жүйесіне, яғни бағдарламалық қамтамасыз етуге қатысты. Ал бұл ДБҰЖ-ны енгізудің маңызды тетігі болып табылады. Сонымен қатар, тарифтерді құру бойынша да анықталмаған мәселелер жетерлік. Сондай-ақ министрлік өкілі, қазір кейбір емханалардың басқа медмекемелерден ауысып келген азаматтарға үй жағдайында қызмет көрсетуден бас тартуы бұзушылық болып табылатынын және науқасқа үйде қызмет көрсету - кепілдендірілген тегін медициналық көмектің бір бөлігі болып табылатынын қадап айтты.

«Бұл азамат үшін ақша алғыңыз келсе, оған медициналық қызметті үйде көрсетуге міндеттісіздер», - деді ол.

Е.Біртанов алқа мәжілісінде жалпы денсаулық сақтау жүйесіндегі түйткілдерді де көтерді. Мәселен, оның атап көрсеткеніндей, Қазақстанда денсаулық сақтау саласына бөлінген қаражаттардың 80 пайызға жуығы стационарлық секторға кететін көрінеді. «Бұл - біз тек аурудың салдарымен ғана күресіп жатырмыз деген сөз. Консультативтік диагностиканы есепке алмағанда, алғашқы звеноға денсаулық сақтау саласының жалпы шығыстарының тек 5 пайызы ғана жұмсалады», - дейді ол.