Денсаулыққа салғырт қараудан туындаған дертті емдегеннен гөрі салауатты өмір салтын ұстанған жөн - дәрігер Т.Ембердиева
- Тілләгүл Рахменбердіқызы, осы акция жайында тарқата айтып берсеңіз
- Бұл акцияға еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі бастамашы болып отыр. Шара азаматтардың өз денсаулығын сақтау мен нығайту жауапкершілігін арттыру, салауатты өмір салтын ұстану қағидасын қалыптастыру, өмір сапасын көтеру мен ұзақ өмір сүруге ықпал ететін денсаулықты сақтауға дағдыландыруға бағытталған. Марафон шарты түрде 7 қадамға бөлініп, сәуірдің 7-іне дейін жалғасатын болады.
- Марафон барысында ана мен бала денсаулығы мәселелеріне қатысты қандай назар аударылмақ?
- Акцияның бірінші қадамының өзі осы отбасын жоспарлау, әйел мен ер-азаматтардың денсаулығы мәселелеріне арналып отыр. Осыған байланысты біздің емхананың базасында жұмыс істейтін денсаулық мектебінде отбасын жоспарлау және репродуктивтік денсаулықты сақтау мәселелеріне арналған семинар-тренингтер ұйымдастырылатын болады. Сонымен бірге емхананың балалар бөлімшесінде біз барлық ниет танытқан адамдардың басын қосып, онда медицина қызметкерлері болашақ аналарға сәбиді емізудің, иммунопрофилактиканың пайдасы жайында кеңінен ақыл-кеңес береді. Бұған қоса тыңдаушыларға балаларды кішкентайынан күтуге байланысты кеңестер жазылған көмекші құралдар мен вакциналаудың ұлттық күнтізбесі таратылады.
- Марафонның келесі бір қадамы нашақорлықтың алдын алуға бағытталып отыр. Ал сіздер бұл тұрғыда қандай шаралар ұйымдастырмақсыздар?
- Нашақорлық, ерте және мезгілсіз жүктіліктің профилактикасы, АИТВ инфекциясы, репродуктивтік денсаулықты сақтау сынды мәселелердің барлығына да қатысты жайттар бойынша медицина қызметкерлері жасөспірімдер арасында ұйымдастырылатын семинарлар барысында кеңінен ақпарат беретін болады. Жастарға тек қана дәріс оқылмай, сонымен бірге іс жүзінде де көмек көрсетіледі. Оларға психолог, дерматолог, венеролог, акушер-гинеколог, уролог және басқа да мамандар кеңес береді. Семинарлар мен тренингтер барысында біз аталған тақырыптарға қатысты бейнефильмдер көрсетеміз. Бұдан бөлек, марафон кезінде әлеуметтік маңызды ауруларды ерте анықтау үшін халық арасында алдын ала тексеру шараларын өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ емханада ашық есік күні өткізіліп, онда кардиолог, эндокринолог, гинеколог сынды түрлі бағыттағы мамандар қабылдау өткізеді.
- Бұл акцияның басталғандығын халыққа жеткізу жұмыстары қалай жүргізілуде? Өйткені, көпшілік марафон жайында білмей қалуы да мүмкін ғой
- Азаматтардың үй басын тексеру барысында оларды емханаларға келіп, медициналық тексеруден өтуге шақырамыз. Сонымен қатар біз емханадағы радио торабы арқылы келушілерге марафон жайында ақпарат беріп тұрамыз. Толықтай алғанда, марафон барысында біздің көптеген азаматтарымыз өздері үшін мол пайдалы кеңестер алып, тіпті кейбірі өздерінің денсаулықтарын да түзейтін болады деп ойлаймын. Тоқ етерін айтқанда, денсаулығыңа көңіл аудармай, соның салдарынан туындаған дертті емдеуден гөрі салауаты өмір салтын ұстану әлдеқайда жақсы.
- Сұхбатыңызға рахмет!