Депозиті бар тұлғалар қандай сыйақы мөлшерлемесін алады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда депозиттердің шектік мөлшерлеме сыйақысы 1 қазаннан бастап қалай өзгеретіні белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жаңа өзгерістер туралы ҚР Ұлттық банкінің басшысы Данияр Ақышев айтып берді. Сыйақы мөлшерлемесі салымның мерзімі мен түріне, сондай-ақ депозитті толықтырудың мүмкіндігі мен шектеуіне, салымнан ішінара немесе толықтай ақша алуға байланысты болады.
«Банктер депозит ставкаларын өздері қоюға құқылы. Салымшылар өтімділік пен табыстылықтың әртүрлі деңгейі бар 3 депозиттік деңгейге қол жеткізе алады. Салымшы жинақ қорын ашып, мерзім аяқталғанша ақшаны қайтарып алмаса, кепілдеменің ең жоғары сомасы 15 миллион теңгеге немесе одан жоғары қаражатқа ие болады. Аталған сома шұғыл және мерзімді депозиттерден жоғары. Салымдардың басқа түрлерін жедел қайтарып алуға мүмкіндік бар. Алдын ала ең төмен мөлшерлеме белгіленеді. Кепілдендіру сомасының төменгі деңгейі 10 млн теңге болады. Қолға алынған жоба тек теңге бағамындағы салымдарға ғана қатысты», - дейді Данияр Ақышев.
Толықтыруға болмайтын депозиттер бойынша ең жоғарғы жылдық тиімді мөлшерлеме - 10,5 % төленеді. Шұғыл салымдарды 3 айға дейін толықтыруға болмайды. Бұл депозиттер бойынша 11% сыйақы төленеді.